Шариғатта әрбір адам өз тегімен аталуы тиіс. Алла Тағала Құранда:
ادْعُوهُمْ لِآبَائِهِمْ هُوَ أَقْسَطُ عِندَ اللَّهِ
«Асыранды балаларыңды өз әкелерінің атымен атаңдар. Алланың құзырында ең дұрысы сол» [1] , – деп бұйырды.
Осы аятты алға тартып кейбір ғалымдар тұрмысқа шыққан қызға күйеуінің тегіне өтуге тыйым салады [2] . Ал кейбір ғалымдар әйелдің күйеуінің фамилиясына өту ғұрыпта қалыптасқан әрі елге таныту мақсаты болса оқасы жоқ дейді [3] . Өйткені Құранда: «Нұхтың әйелі және Лұттың әйелі» [4] деп әйелдерді күйеуінің атымен танытып тұр.
Әбу Сағид әл-Худриден (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте: « Мәсғудұлының әйелі Зейнеп (Алла оған разы болсын) Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп (кіруге) рұқсат сұрайды. «Уа Алланың Елшісі! Зейнеп кіруге рұқсат сұрап тұр!» – дегенде, ол: «Қайсы Зейнеп?» , – деп сұрайды. «Мәсғудұлының әйелі», – деп жауап береді. Ол: «Кірсін» дейді. Сонда оған кіруге рұқсат береді» [5] .
Сондықтан тұрмысқа шыққан әйел өз әкесінің атымен аталуы тиіс. Оны өзгерту – харам. Ал күйеуінің тегіне ауысуының оқасы жоқ, бірақ міндетті емес. Күйеуі де оны өз тегін алуға мәжбүрлеуі дұрыс емес.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі
[1] «Ахзаб» сүресі, 5-аят.
[2] https://www.fatawah.net/Questions/11366.aspx
[3] Айман Абдулхамит әл-Бәдәрайни, «Фәтәуа мағасара», 2/113-116.
[4] «Тахрим» сүресі, 10-аят.
[5] Бұхари, №1462. Муслим, №80.